Get Mystery Box with random crypto!

Астанада 47,2 млрд теңге Ұлттық спорт университеті салынады | Miyat KASHIBAY / Мият КӘШІБАЙ

Астанада 47,2 млрд теңге Ұлттық спорт университеті салынады

Биыл астанада Ұлттық спорт университетінің құрылысы басталады. Оны салуға республика бюджетінен 47 193 997 906 теңге бөлініп отыр. Тапсырыс беруші – Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Спорт және дене шынықтыру істері комитеті».

Университет құрылысына байланысты әлі тендер өткен жоқ. Спорт комитетенің мемсатып алу порталындағы жылдық жоспарына қарағанда, университетті соғатын компания ашық конкурс арқылы анықталмақ. Конкурс хабарландыруы биыл маусымда жариялануға тиіс.

Портал мәліметінше, жаңа университет «Астана қаласындағы олимпиадалық дайындық орталығы» көп функционалды спорт кешені» базасында бой көтереді. Жоспарға сәйкес, университет құрылысы 2024 жылы аяқталуға тиіс.

Баса айта кететін жайт – 47,2 млрд теңге университет ғимаратының негізгі құрылысына ғана жұмсалады. Ал ғимараттың сыртқы инженерлік желілерінің құрылысына қанша қаржы бөлінетіні әлі белгісіз.

Елде Ұлттық спорт университеті соғылатыны жайлы 2019 жылдан бері айтылып келген. Үш жыл бұрын Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті, олигарх Тимур Құлыбаев "Ұлттық спорт университетін құруды мақсат етіп отырмыз. Бірақ әлі қаржыландыру мәселесі шешілген жоқ" деп мәлімдеген.